Ақтөбе облысында ауыз су тапшылығын азайтуға бағытталған жаңа жоба қолға алынады. Бұл мақсатқа мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Арнаулы мемлекеттік қордан 5 млрд теңге қарастырылды.
Жоба Сарыбұлақ жер асты су көзінен топтық су құбырын жүргізуді көздейді. Нәтижесінде Ақтөбе қаласындағы Батыс-1, Батыс-2 және Батыс-3 тұрғын алаптары сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Үкіметтің мәліметінше, Сарыбұлақ кен орны облыс орталығынан 56 шақырым жерде орналасқан. Құрылыс аясында 20 артезиан ұңғымасы бұрғыланып, су алу және таратуға қажетті инженерлік жүйелер орнатылады. Сондай-ақ магистральдық су құбыры салынып, желілер тұрғын аудандарға дейін жеткізіледі. Құрылыс жұмыстары осы жылы басталады.
Жоба толық аяқталғаннан кейін Ақтөбе қаласы мен Алға, Мұғалжар аудандарының тұрғындары тәулігіне қосымша 70 мың текше метрге дейін ауыз су алады. Оның 25 мың текше метрі облыс орталығында халық саны қарқынды өсіп жатқан жаңа шағын аудандардың қажеттілігіне бағытталады.
Мамандардың бағалауынша, Сарыбұлақ кен орнының су қоры өңірдің қажеттілігін алдағы 30 жыл бойы өтеуге жеткілікті.
Жалпы, 2024–2026 жылдары Арнаулы мемлекеттік қор арқылы құны 610 млрд теңгеден асатын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыру жоспарланған. Оның ішінде 267 жоба су жүйелерін дамытуға арналған. Бұл бағытқа 226,5 млрд теңге бөлінген.
Еске салайық, Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, мемлекетке бүгінге дейін жалпы құны 1,076 трлн теңгеден асатын активтер қайтарылған. Ал активтерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша қабылданған шаралардың жалпы көлемі 1,3 трлн теңгеден асты.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru