Түркістан облысында өткен тойлардың бірінде айтылған даулы уағызға байланысты қылмыстық іс тіркелді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, той барысында дәстүрлі мерекелеу үлгісін сынап, өнер адамдарына қатысты қорлайтын сипаттағы пікір айтқан азаматтың әрекетінде діни және әлеуметтік алауыздықты қоздыру белгілері анықталған. ІІМ қоғамдық келісім мен азаматтардың ар-намысына нұқсан келтіруге бағытталған кез келген жария мәлімдемеге заң аясында құқықтық баға берілетінін атап өтті.
«Адамның ар-намысын қорлауға, діни, әлеуметтік немесе өзге де белгілері бойынша кемсітуге бағытталған жария үндеулерге жол берілмейді. Сондай-ақ қоғамдық тұрақтылық пен бірлікке қауіп төндіретін әрекеттер заңмен жауапкершілікке тартылады», – деп мәлімдеді министрлік. Сонымен қатар ведомство сөз бостандығы әркімге өз пікірін айтуға мүмкіндік бергенімен, оның заң талаптарын бұзуға негіз болмайтынын еске салды. Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Жетісай ауданындағы тойда түсірілген бейнежазба кеңінен тараған болатын. Видеода қалыңдықтың туысы қонақтарды музыкалық сүйемелдеуден бас тартуға және ерлер мен әйелдерді бөлек отырғызуға үндеген. Аталған жағдай қоғамда қызу талқыланып, оған Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері де өз пікірлерін білдірген еді.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru