НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ АҚТӨБЕДЕГІ ІРІ ЖОБАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫН ТЕКСЕРДІ
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ АҚТӨБЕДЕГІ ІРІ ЖОБАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫН ТЕКСЕРДІ
05.08.2026 12:51
22
0

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барып, өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық, өндірістік және әлеуметтік жобалардың орындалу барысымен танысты. Сапар аясында автомобиль жолдарының құрылысы, теміржол вокзалдарын жаңғырту, цифрландыру, энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инвестициялық бастамалардың іске асырылуына баса назар аударылды. Жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған жобалардың негізгі мақсаты халықтың өмір сүру сапасын арттыру және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін күшейту екені айтылды. Барлық жобалардың орындалу барысы Үкіметтің тұрақты бақылауында екені атап өтілді. Биыл Ақтөбе облысы аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы 1122,5 шақырымында құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 856 шақырымы қайта жаңғыртылып, жол санаты өзгереді. Сонымен қатар екі көпірге күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған.

Нұрлыбек Нәлібаев «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолының құрылысымен танысып, жұмыстардың сапасы мен мерзімін қатаң сақтауды тапсырды. Сондай-ақ жақында басталған «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолдары құрылысының стратегиялық маңызына тоқталып, жобаларды 2029 жылға дейін толық әрі сапалы аяқтау міндетін жүктеді. Сапар кезінде «Ембі – Шалқар», «Қандыағаш – Шалқар» бағыттарындағы жолдардың жай-күйі және «Әлімбет» өткізу бекетіндегі жұмыстар туралы есеп тыңдалды. Жаңғыртылатын 124 теміржол вокзалының қатарына енген Ақтөбе облысындағы жеті вокзалдың бірі – Ақтөбе теміржол вокзалында да құрылыс қарқыны бағаланды. Жауапты мекемелерге вокзал маңын абаттандыру, сәулеттік келбетін біріздендіру және құрылысты белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Жұмыс сапарының екінші күнінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңес өтті. Онда инвестициялық жобаларды жедел іске қосу, «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағына жаңа өндірістер тарту, агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту және ауыл шаруашылығын қаржыландыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар делегация «109» ахуалдық орталығының жұмысымен танысып, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктірілген цифрлық платформаның мүмкіндіктерін көрді. Бұдан бөлек, «Қазхром» компаниясының Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы өндірісті дамыту жоспары таныстырылды. Сапар аясында «Ақтөбе ЖЭО» АҚ-ның алдағы жылыту маусымына дайындығы да тексерілді. Жауапты тұлғаларға жөндеу жұмыстарын қыркүйекке дейін толық аяқтап, тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету тапсырылды.

Нұрлыбек Нәлібаев Ақтөбе қаласындағы «Қоныс» спорт сарайының жанынан салынып жатқан жаңа саябақтың құрылысымен де танысты. 1,6 гектар аумақты қамтитын демалыс аймағында серуендеу және жүгіру жолақтары, балалар мен спорт алаңдары, амфитеатр және тынығу орындары қарастырылған. Жоба «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылуда. Жұмыс сапарының соңында Алтын Орда шағын ауданында бой көтеретін экономикалық-іскерлік орталықтың, музыкалық драма театрының және 35 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионының жобалары таныстырылды.

Қорытындылай келе, Премьер-министрдің бірінші орынбасары өңірде жүзеге асырылып жатқан барлық инфрақұрылымдық және өндірістік жобалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы мемлекет үшін маңызды міндет екенін атап өтті.

0 пікір