Қазақстанның мәнерлеп сырғанау тарихында тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған Михаил Шайдоров алдағы қысқы Олимпиада ойындарына қатысуды мақсат етіп отырғанын мәлімдеді. Спортшы 2030 жылы өтетін дүбірлі додаға дайындықты қазірден бастап жалғастыратынын айтты. Әлеуметтік желідегі оқырмандарымен онлайн сұхбат барысында жанкүйерлердің бірі одан келесі Олимпиадаға қатысу жоспары туралы сұрады. Бұған жауап берген Шайдоров өзінің басты мақсаты – 2030 жылғы қысқы ойындарға жолдама алып, жоғары нәтиже көрсету екенін жеткізді.
«Әрине, жоспарымда бар. Сол мақсатқа жету үшін күн сайын дайындалып, бар күшімді саламын», – деді Олимпиада чемпионы. Бұл мәлімдеме қазақстандық спортшының кәсіби мансабын кемінде келесі олимпиадалық циклге дейін жалғастыратынын аңғартады.
Еске сала кетейік, Михаил Шайдоров 2026 жылы Италияда өткен Milano Cortina қысқы Олимпиадасында ерлер арасындағы жекелей мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль жеңіп алып, ел спортының тарихына есімін алтын әріппен жазды. Ол жарыс қорытындысында 291,58 ұпай жинап, Жапония өкілдері Юма Кагияма мен Шун Сатодан озық шықты. Бұл жетістік Қазақстан үшін тарихи нәтиже болды. Өйткені ел қоржынына мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада алтыны түсті. Айтулы жеңістен кейін Мемлекет басшысы Михаил Шайдоровты II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық спортшы әлем чемпионатында күміс жүлде иеленіп, Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы атану арқылы халықаралық аренадағы жоғары деңгейін дәлелдеген болатын.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru