ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНДА «ДЕРЕКТЕРДІ ӨҢДЕУ ОРТАЛЫҚТАРЫ АЛҚАБЫ» ЖОБАСЫ БОЙЫНША ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ЖЕДЕЛДЕТІЛЕДІ
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНДА «ДЕРЕКТЕРДІ ӨҢДЕУ ОРТАЛЫҚТАРЫ АЛҚАБЫ» ЖОБАСЫ БОЙЫНША ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ЖЕДЕЛДЕТІЛЕДІ
25.05.2026 17:45
10
0

Олжас Бектенов Павлодар облысында жүзеге асырылып жатқан «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасының қазіргі ахуалына арналған кеңес өткізді. Ауқымды жоба еліміздегі цифрлық инфрақұрылымды дамытуға және жасанды интеллект саласын ілгерілетуге бағытталған стратегиялық бастамалардың бірі саналады.

Жоба Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында және Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында берген тапсырмаларын орындау мақсатында қолға алынған.

Кеңес барысында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Премьер-министрдің орынбасары әрі цифрлық даму және жасанды интеллект саласына жетекшілік ететін Жаслан Мәдиев баяндама жасады. Сонымен қатар Қазақтелеком акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бағдат Мусин жобаның техникалық және инфрақұрылымдық бағыттары жөнінде мәлімет берді. Ал облыс әкімі Асайын Байханов қажетті инженерлік желілер мен құрылыс инфрақұрылымын дайындау жұмыстары туралы айтты.

Мәліметке сәйкес, Екібастұз қаласындағы құрылыс алаңында геодезиялық жұмыстар толық аяқталған. Қазіргі уақытта инженерлік-геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, болашақ модульдік блоктарды орналастыруға арналған арнайы шұңқырлар әзірленуде. Жоба аумағында құрылыс техникасы мен мамандар жұмылдырылған. Негізгі құрылыс жұмыстарының толық циклі 2026 жылдың маусым айында басталады деп жоспарланып отыр.

Жиын барысында халықаралық тәжірибе мен технологиялық серіктестердің талаптары да кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, электр энергетикасы, деректерді сақтау және өңдеу, ақпараттық қауіпсіздік бағыттарындағы заманауи тәсілдер қарастырылды. Мамандардың айтуынша, болашақ орталық еліміздегі цифрлық инфрақұрылымды күшейтіп қана қоймай, халықаралық IT-компаниялар үшін де маңызды алаңға айналуы мүмкін.

Сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жобаға қатысуға мүдделі әлемдік технологиялық көшбасшылар мен гиперскейлерлердің пулын қалыптастырғаны белгілі болды. Олардың қатарында жасанды интеллект, бұлтты есептеу және деректерді өңдеу саласындағы жетекші халықаралық компаниялар бар.

Жоба аясында alem.ai халықаралық орталығы базасында жергілікті AI-экожүйені дамыту жоспарланған. Бұл бағытта ғылыми-зерттеу бастамаларын жүзеге асыру, IT-мамандар даярлау және жасанды интеллект саласындағы стартаптарды қолдауға арналған бірлескен бағдарламалар іске қосылады.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр жауапты мемлекеттік органдар мен даму институттарына барлық бағыттағы жұмысты жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар жобаны жүзеге асырудың нақты нәтижелері бір ай ішінде Үкімет басшысына ұсынылуы тиіс екені айтылды.

Сарапшылардың пікірінше, аталған бастама Қазақстанның Орталық Азиядағы ірі цифрлық және технологиялық хабқа айналуына мүмкіндік береді.

 

0 пікір