ҚАЗАҚСТАНДА ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ ӨҢДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ 480 МЫҢ ГЕКТАР АЛҚАПТА ЖҮРГІЗІЛДІ
ҚАЗАҚСТАНДА ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ ӨҢДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ 480 МЫҢ ГЕКТАР АЛҚАПТА ЖҮРГІЗІЛДІ
25.05.2026 17:38
11
0

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздегі ауыл шаруашылығы алқаптарын шегіртке зиянкестерінен қорғау бағытындағы кешенді жұмыстарды жалғастырып жатыр. Ведомствоның мәліметінше, қазіргі таңда үйірлі шегіртке түрлеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 480 мың гектардан астам аумақта жүргізілген.

Қорғаныс шаралары еліміздің 12 өңірінде ұйымдастырылып, арнайы жерүсті техникасы, авиация және ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылуда. Мамандар зиянкестердің таралу ошақтарын дер кезінде анықтап, оларды жою жұмыстарын күшейткен.

Өңдеу жұмыстарының ең ауқымды көлемі Түркістан облысында атқарылған. Өңірде бүгінге дейін 291,2 мың гектар жер химиялық өңдеуден өтті. Сонымен қатар Жамбыл облысында 116 мың гектар, Ақтөбе облысында 35,6 мың гектар және Жетісу облысында 17,3 мың гектар алқапта қорғаныс шаралары жүргізілген.

Ал қалған өңірлерде агроөнеркәсіптік кешен саласындағы аумақтық инспекция мамандары Фитосанитариялық диагностика және болжамдардың республикалық әдістемелік орталығы мекемесімен бірлесіп, мониторинг және тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Негізгі мақсат — зиянкестердің таралу аймақтарын уақытылы анықтап, шегірткенің жаппай көбеюіне жол бермеу.

Министрлік мәліметінше, барлық өңірлер қажетті пестицидтер қорымен және арнайы техникалармен толық қамтамасыз етілген. Бұл қорғаныс шараларын жоспарланған көлемде әрі уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ шегірткелердің шекаралас аумақтар арқылы таралу қаупін азайту үшін көршілес мемлекеттердің салалық ведомстволарымен тұрақты түрде жедел ақпарат алмасу жұмыстары жүргізілуде. Мамандар мұндай өзара іс-қимыл шекара маңындағы аумақтардағы фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын айтады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жағдай тұрақты бақылауда екенін атап өтіп, өңірлердегі мониторинг және химиялық өңдеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын хабарлады.

 

0 пікір