2025-2026 оқу жылында Қазақстан дарынды оқушыларды қолдау және олардың ғылыми-зияткерлік әлеуетін дамыту бағытындағы жұмыстарды күшейтті. Білім саласында қолға алынған жүйелі шаралардың нәтижесінде қазақстандық оқушылар халықаралық білім додаларында жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін асқақтатуда. Ресми мәліметтерге сәйкес, оқу жылы барысында республика көлемінде өткен 80-нен астам зияткерлік олимпиада мен ғылыми байқауға шамамен 1,6 миллион оқушы қатысқан. Бұл елімізде ғылымға, білімге және инновацияға қызығушылық танытатын жастар санының артып келе жатқанын көрсетеді.
Халықаралық деңгейде Қазақстанның намысын 5 052 оқушы қорғады. Олар әлемнің түрлі елдерінде ұйымдастырылған 37 халықаралық олимпиада мен ғылыми конкурсқа қатысып, жалпы саны 1 026 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 190 алтын, 332 күміс және 504 қола медаль бар. Бұдан бөлек, 56 оқушы арнайы марапаттарға ие болған. Биыл әсіресе математика бағыты бойынша жетістіктер ерекше аталып өтті. Қазақстан құрамасы European Mathematical Olympiad жарысында абсолютті көшбасшы атанып, жоғары нәтиже көрсетті. Сонымен қатар Balkan Mathematical Olympiad додасында қазақстандық команда әлемдегі мықты математикалық мектептері бар елдер арасында жалпыкомандалық есепте 6-орынға тұрақтады.
Қазақстандық оқушылар ғылыми жобалар бағытында да айтарлықтай табысқа жетті. АҚШ-тың Финикс қаласында өткен әлемдегі ең ірі ғылыми-инженерлік көрмелердің бірі — Regeneron ISEF байқауында отандық оқушылар өз жобаларын таныстырды. Қатысушылардың бірі жасанды интеллектіні пайдалану арқылы онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған жобасы үшін арнайы марапатқа ие болып, шетелдік жоғары оқу орнының білім грантын жеңіп алды. Робототехника саласында да қазақстандық оқушылар жоғары нәтиже көрсетті. Хьюстон қаласында өткен халықаралық робототехника жарысында еліміздің жас өнертапқыштары 50 мыңнан астам қатысушы арасынан 12 бірдей награда иеленді. Бұл қазақстандық оқушылардың технология және инженерия бағытындағы әлеуетінің артып келе жатқанын аңғартады. Биылғы жетістіктер білім беру жүйесіндегі жүйелі жұмыстың нәтижесі. Оқушыларды халықаралық деңгейдегі жарыстарға дайындау, ғылыми жобаларды қолдау және дарынды балаларға жағдай жасау бағытындағы бағдарламалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне біржолғы ақшалай сыйақы беріледі. Атап айтқанда, алтын медаль иегерлеріне 1500 айлық есептік көрсеткіш, күміс медаль алғандарға 1000, ал қола медаль иеленгендерге 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем қарастырылған. Дарынды оқушыларды дайындаған педагог-жаттықтырушылар да назардан тыс қалмайды. Оларға 8,5-тен 26,5-ке дейінгі базалық лауазымдық айлықақы көлемінде ынталандыру төлемдері төленеді. Жыл соңына дейін қазақстандық оқушылар тағы 10-нан астам халықаралық олимпиада мен ғылыми жарыстарға қатысуды жоспарлап отыр. Білім саласының мамандары бұл жетістіктер еліміздің интеллектуалдық әлеуетін арттырып, жас буынның ғылым мен технологияға қызығушылығын күшейте түсетінін атап өтуде.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru