САРЫАҒАШТА ҚҰРЫЛЫС ПЕН КӘСІПКЕРЛІК ЖОБАЛАРЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ
САРЫАҒАШТА ҚҰРЫЛЫС ПЕН КӘСІПКЕРЛІК ЖОБАЛАРЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ
27.07.2026 19:11
11
0

Сарыағаш ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Ауданда жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізіліп, жергілікті өндіріс орындарының жұмысы кеңейіп келеді. Осы жұмыстардың орындалу барысын бақылау мақсатында аудан әкімі Арман Абдуллаев бірқатар құрылыс нысандары мен өндірістік кәсіпорындарды аралап, жауапты мердігерлер мен кәсіпкерлермен кездесті.

Жұмыс сапары алдымен Қабланбек ауылдық округіне қарасты Жонарық елді мекенінде салынып жатқан 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхана ғимаратынан басталды. Бұл нысан ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандырып, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кітапхана тұрғындардың білімге деген қолжетімділігін арттырып, түрлі қоғамдық іс-шараларды өткізуге арналған маңызды орталыққа айналмақ.

Нысанды аралау барысында аудан әкімі құрылыс жұмыстарының қарқыны жоспарланған деңгейден төмен екенін айтып, мердігер мекемеге нақты ескертулер жасады. Ол құрылыс алаңындағы жұмысшылар санын көбейтіп, техникаларды тиімді пайдалану арқылы жұмысты жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар барлық жұмыстардың сапасы құрылыс талаптарына толық сәйкес болуы тиіс екенін ерекше атап өтті.

Қазіргі уақытта ғимаратта ішкі және сыртқы әрлеу, желдету жүйесін орнату, инженерлік коммуникациялар жүргізу және аумақты абаттандыру жұмыстары қатар атқарылып жатыр. Аудан басшысы жауапты тұлғаларға құрылыс кестесінен кешікпеуді және нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді міндеттеді.

Жұмыс сапары барысында Арман Абдуллаев жергілікті кәсіпкер Алмахан Мауленов басқаратын өндіріс орнында болды. Мұнда бетон мен мәрмәр ұнтағынан жасалған заманауи орындықтар, қоқыс жәшіктері, гүл құмыралары және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға арналған өзге де бұйымдар шығарылады. Кәсіпорын өнімдері бүгінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласында сұранысқа ие болып, түрлі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларда кеңінен қолданылуда.

Кәсіпкердің айтуынша, өндірісте заманауи технологиялар пайдаланылады және өнімнің сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Кәсіпорын үш жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда мұнда бес адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр.

Аудан әкімі сондай-ақ осы кәсіпкерге тиесілі тігін цехының жұмысымен де танысты. Цехта арнайы тапсырыстар негізінде мектеп формасы, жұмыс киімдері және түрлі тоқыма бұйымдары тігіледі. Өндірісті кеңейтуге мүмкіндік беретін жаңа жобалар мен мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде пікір алмасып, кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету жұмыстары жалғасатынын жеткізді.

Жұмыс сапарының келесі бағыты Жартытөбе ауылдық округіндегі Бостандық елді мекенінде салынып жатқан медициналық нысан болды. Бұл нысан ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмекті қолжетімді етуге бағытталған маңызды әлеуметтік жоба саналады.

Қазіргі уақытта мұнда ішкі әрлеу жұмыстары, инженерлік жүйелерді монтаждау, аумақты абаттандыру және асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі құрылыс сапасына ерекше назар аударып, әрбір кезеңнің техникалық талаптарға сай орындалуын қатаң бақылауды тапсырды. Сондай-ақ мердігер ұйымға белгіленген мерзімнен кешікпей, барлық жұмыстарды сапалы аяқтау жөнінде нақты міндет жүктеді.

Жаңа медициналық нысан іске қосылғаннан кейін Бостандық елді мекенінің тұрғындары алғашқы медициналық көмекті өз ауылында алып, шалғай елді мекендерден аудан орталығына қатынау қажеттілігі азаяды. Бұл өз кезегінде ауылдағы денсаулық сақтау қызметінің сапасын арттырып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартады.

Жұмыс сапарын қорытындылаған Арман Абдуллаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа өндірістерді іске қосу, кәсіпкерлікті қолдау және халыққа қажетті әлеуметтік нысандардың құрылысын сапалы аяқтаумен тікелей байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір құрылыс нысаны мен инвестициялық жобаның орындалу мерзімі мен сапасы тұрақты бақылауда болады. Сонымен қатар кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.

 

0 пікір