Қазақстан халықаралық олимпиада жеңімпаздарына қолдау көрсету шараларын күшейтті
Қазақстан халықаралық олимпиада жеңімпаздарына қолдау көрсету шараларын күшейтті
24.07.2026 15:39
21
0

    Қазақстан дарынды жастарды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Бүгінде еліміз халықаралық олимпиада жеңімпаздарын мемлекеттік деңгейде ынталандыратын санаулы мемлекеттердің бірі.

Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді. Оның айтуынша, 2022 жылдан бастап халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтерге біржолғы ақшалай сыйақы төлеу жүйесі енгізілген.

Вице-министрдің мәліметінше, алтын медаль иегерлеріне 1500 АЕК-ке дейін, күміс жүлдегерлерге 1000 АЕК-ке дейін, ал қола медаль иегерлеріне 500 АЕК-ке дейін сыйақы беріледі. Мемлекеттік қолдау оқушылармен қатар, олардың жетістігіне үлес қосқан ұстаздарға да көрсетіледі.

2025 жылы халықаралық олимпиада жеңімпаздарын дайындаған 24 педагог Мемлекет басшысының шешімімен «Құрмет» ордені, «Шапағат» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. Сонымен қатар тәлімгерлерге 8,5-тен 26,5 базалық лауазымдық жалақы көлемінде қаржылай ынталандыру төлемдері берілді.

Шынар Ақпарованың айтуынша, 2025 жылы халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен оларды дайындаған педагогтерге жалпы көлемі 101,7 млн теңге болатын біржолғы мемлекеттік сыйақы төленді.

Сонымен бірге олимпиада жеңімпаздары жоғары оқу орындарында мемлекеттік білім гранты негізінде білім алу мүмкіндігіне ие болып, «Болашақ» халықаралық стипендиясы арқылы шетелде оқу мүмкіндігіне де қол жеткізе алады.

Биылдан бастап халықаралық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары мен оларды дайындаған педагогтерге де біржолғы мемлекеттік сыйақы төлеу тетігі енгізілді.

0 пікір