Олжас Бектенов Маңғыстаудағы логистикалық жобалардың іске асуын тексерді
Олжас Бектенов Маңғыстаудағы логистикалық жобалардың іске асуын тексерді
23.07.2026 16:24
33
0

   Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барып, Мемлекет басшысының өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру және инфрақұрылымдық жобаларды дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты.

Сапар барысында Премьер-министр Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытуға бағытталған жобалардың жүзеге асырылуын және отандық өндірістік қуаттарды кеңейту жұмыстарын тексерді.

Үкімет басшысы көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, өңірдің транзиттік әлеуетін күшейту және инвестициялық жобаларды уақтылы іске асырудың маңыздылығына назар аударды.

Маңғыстау облысы еліміздің көлік-логистика жүйесіндегі стратегиялық өңірлердің бірі саналады. Сондықтан өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар Қазақстанның халықаралық транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге және экономиканың тұрақты дамуына ықпал етті.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барып, Мемлекет басшысының өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру және ірі инфрақұрылымдық жобаларды дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты.

Ақтау халықаралық әуежайында Үкімет басшысына өңірдің Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытудағы рөлі туралы баяндалды. Соңғы үш жылда Қазақстан порттары арқылы контейнерлік транзит көлемі 3,8 есеге өсіп, 42 мың ЖФЭ-ге жеткен. Ал порттардың жиынтық өткізу қабілеті жылына шамамен 200 мың ЖФЭ-ге дейін ұлғайтылған.

Премьер-министр Каспий теңізі жағалауында салынатын заманауи кеме жасау верфінің жобасымен де танысты. Инвестиция көлемі кемінде 125 млрд теңгені құрайтын кәсіпорында азаматтық және арнайы кемелерді жасау, жөндеу және техникалық қызмет көрсету толық циклмен жүзеге асырылады. Сонымен қатар экипажсыз суүсті аппараттарын шығару жоспарланған. Жоба іске қосылғаннан кейін 1,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.

Сапар барысында Ақтау әуежайы базасында мультимодальды логистикалық және авиациялық хаб құру жобасы таныстырылды. Кешенде әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету, жүк тасымалы, мамандар даярлау және әуе, теңіз, теміржол мен автомобиль көлігін біріктіретін логистикалық жүйе қалыптастырылады. Жоба аясында 3,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.

Үкімет басшысына Құрық портында көпфункционалды терминал салу жобасы да ұсынылды. Құны 470 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобаны Guoyou Materials Group компаниясы жүзеге асырады. Терминалдың бірінші кезеңінің өткізу қабілеті жылына 15 млн тонна жүкке жетеді, ал жоба толық аяқталған соң бұл көрсеткіш 25 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Құрылыс кезең-кезеңімен жүргізіліп, нысанды 2032 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Олжас Бектенов Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға бағытталған жобалардың стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа кеме жасау базасы, мультимодальды хаб пен Құрық портындағы терминал Орта дәліздің көлік инфрақұрылымын күшейтіп, Маңғыстау облысының халықаралық көлік-логистикалық орталық ретіндегі әлеуетін арттырады.

Премьер-министр орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдігіне барлық жобаны сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыруды, инвестиция тартуды, жаңа жұмыс орындарын құруды және өндірісті кезең-кезеңімен жергіліктендіруді қамтамасыз етуді тапсырды.

0 пікір