Астанада автосалонда сату жөніндегі менеджер болып жұмыс істеген ер адам алаяқтық жолмен екі автокөлікті иемденгені үшін сотталды.
Тергеу мәліметінше, сотталушы пайдакүнемдік мақсатпен көлік иелерінің сеніміне кіріп, оларға тиесілі «Changan CS55 Plus» және «Toyota Camry» автокөліктерін заңсыз иемденген.
Жәбірленушілер аталған көліктерді әрі қарай сату үшін автосалонға тапсырған. Кейін менеджер сатып алушылар табылғанын айтып, қаражат бірнеше күн ішінде аударылатынына сендірген және автокөліктерді үшінші тұлғаның атына қайта рәсімдеуге көндірген.
Көліктер қайта рәсімделгеннен кейін сотталушы оларды сатудан түскен ақшаны жеке қажетіне жұмсаған. Нәтижесінде жәбірленушілерге жалпы сомасы 23 млн теңге көлемінде материалдық залал келтірілген.
Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдейтін жеткілікті дәлелдер ұсынды. Сот отырысында ер адам кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірді.
Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 3 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар жәбірленушілердің келтірілген залалды өтеу туралы талаптары қанағаттандырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Прокуратура азаматтарға меншікке қарсы қылмыстар үшін заңнамада қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салып, заң талаптарын сақтауға шақырады.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru