Астанада Креативті индустрияларды дамыту қорының бастамасымен балалар мен жастар арасында қазақтың қолөнер дәстүрін насихаттауға бағытталған «Ұлттық қолөнер мектебі» білім беру жобасы басталды.
Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып, ұлттық мәдени мұраны сақтауды және креативті индустрияларды дамытуды көздейді.
Бағдарламаға қатысатын 208 оқушы белгілі қолөнер шеберлерінен тегін білім алады. Жобаға қатысуға еліміздің барлық өңірінен 450-ден астам өтінім түсіп, іріктеу нәтижесінде үздік қатысушылар таңдалды. Ал тәлімгерлік етуге 331 қолөнер шебері өтініш білдіріп, олардың арасынан 10 үздік маман анықталды.
27 шілде мен 12 тамыз аралығында оқушылар ұлттық қолөнердің 10 бағыты бойынша тәжірибелік сабақтарға қатысады. Бағдарлама аясында зергерлік өнер, киіз басу, керамика, сүйек ою, кілем тоқу, тері және ағаш өңдеу сияқты дәстүрлі өнер түрлері үйретіледі.
Сабақтар шеберлік сағаттары форматында өтіп, қатысушылар тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен ұлттық бұйымдар жасауды меңгереді. Оқу барысында қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар ұйымдастырушылар тарапынан тегін ұсынылады.
Жоба балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға, ұлттық өнерді дәріптеуге және қолөнер саласын заманауи креативті индустриялармен байланыстыруға бағытталған.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru