Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, суға шомылу маусымы басталған 1 маусымнан бері еліміздің су айдындарында 68 адам, оның ішінде 24 бала қаза тапқан. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында 90 адам, соның ішінде 23 бала аман қалған.
Осыған байланысты прокурорлар ішкі істер және төтенше жағдайлар органдарымен бірлесіп, су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Мамандар жаппай демалыс орындарында рейдтер өткізіп, тұрғындармен кездесулер ұйымдастырып, ақпараттық жадынамалар таратуда. Сонымен қатар суда қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жүргізілуде.
Ерекше назар жабдықталмаған жерлерде шомылудың қауіптілігіне аударылуда. Мұндай аумақтарда құтқару бекеттері болмайды, су түбі тексерілмегендіктен, төтенше жағдай кезінде көмек көрсету қиын болуы мүмкін.
Азаматтарға суға түсер алдында әкімдіктер мен Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелері ұсынған ресми рұқсат етілген шомылу орындарының тізімімен танысу ұсынылады.
Прокуратура судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету салдарынан адам денсаулығына зиян келтірілген жағдайда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылық көзделген.
Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабына сәйкес ата-аналар мен заңды өкілдер кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін орындамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Балалар арасында да қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Оларға ересектердің қарауынсыз және тыйым салынған орындарда шомылудың қауіптілігі түсіндірілуде.
Прокуратура ата-аналарды балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмауға және олардың қауіпсіздігін үнемі бақылауда ұстауға шақырады.
Мамандар демалу үшін тек арнайы жабдықталған және рұқсат етілген орындарды таңдауға, судағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға кеңес береді. Себебі бірнеше минуттық немқұрайлылық орны толмас қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru