Қазақстан мен АҚШ есірткі қылмысына қарсы күрестегі ынтымақтастықты нығайтуда
Қазақстан мен АҚШ есірткі қылмысына қарсы күрестегі ынтымақтастықты нығайтуда
24.07.2026 13:18
25
0

 Астанада химиялық заттар мен есірткі құралдарының мониторингіне арналған Қазақстан-АҚШ сарапшылық кеңесі өтті. Іс-шараға Қазақстанның құқық қорғау және мемлекеттік органдарының өкілдері, сондай-ақ АҚШ-тың есірткіге қарсы күрес саласындағы мамандары қатысты.

Кездесу барысында есірткі мен прекурсорлардың заңсыз айналымын анықтау және оның жолын кесудің заманауи тәсілдері, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру, талдау құралдарын пайдалану және жедел ақпарат алмасу мәселелері талқыланды.

Тараптар трансұлттық есірткі қылмысына қарсы тиімді күресте халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Кездесу аясында Қазақстанның Ұлттық ведомствоаралық таргетинг орталығының жұмысы таныстырылып, АҚШ Ұлттық таргетинг орталығының тәжірибесі зерделенді.

Америкалық сарапшылар үлкен деректерді пайдалану, прекурсорларды бақылау, химиялық заттардың заңсыз айналымын анықтау және халықаралық қылмыстық желілерге қарсы іс-қимыл тәсілдері бойынша тәжірибелерімен бөлісті.

ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Елдар Әбдікенов қазіргі уақытта қылмыстық топтар цифрлық технологияларды, криптовалюталарды және халықаралық логистикалық бағыттарды пайдаланып отырғанын атап өтті.

Оның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында ІІМ шамамен 4 мың есірткіге қатысты құқық бұзушылықты анықтаған. Алты ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, 15 жасырын синтетикалық есірткі зертханасы жойылған. Заңсыз айналымнан шамамен 10 тонна есірткі тәркіленіп, 12 тоннадан астам прекурсордың таралуына жол берілмеген.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен АҚШ өкілдері есірткі және прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрес саласындағы тәжірибе алмасуды жалғастыруға, бірлескен тетіктерді дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.

0 пікір