Абай мұрасы Қазақстанда және шетелде кеңінен дәріптеліп келеді
Абай мұрасы Қазақстанда және шетелде кеңінен дәріптеліп келеді
10.08.2026 10:11
12
0

   Бүгін Қазақстанда Абай күні аталып өтуде. Биыл ұлы ақын, ойшыл, ағартушы әрі композитор Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толды.

Абайдың шығармашылық және философиялық мұрасы қазақ халқының рухани өмірінде айрықша орын алады. Оның әдеби және музыкалық туындылары, тағылымды ойлары білім беру мен мәдениет саласында, театрлар мен музейлерде кеңінен насихатталып келеді.

Қазіргі таңда Қазақстандағы 33 елді мекенге Абайдың есімі берілген. Сонымен қатар еліміздің түрлі өңірлерінде ақын атындағы 1231 көше, даңғыл және өзге де нысан, сондай-ақ 125 мекеме бар.

Абай есімі бірқатар ірі мәдениет және білім беру ұйымдарына берілген. Олардың қатарында Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры, Семейдегі Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті бар. Алматыдағы Абай ұлттық мектебінде оқу-тәрбие үдерісіне ұлы ойшылдың «Толық адам» ілімі негіз етілген.

Абайға деген құрмет оның есімімен байланысты ескерткіштер мен сәулет нысандарынан да көрініс табады. Қазақстан аумағында ақынға арналған 55 нысан бар. Оның ішінде 27 ескерткіш пен 28 бюст орналасқан.

Абай ескерткіштері еліміздің көптеген өңірінде бой көтерген. Мәселен, 1961 жылы Алматыда орнатылған ақын ескерткіші республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген. Сонымен қатар оннан астам нысан жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш мәртебесіне ие.

Ұлы ойшылдың мұрасы Қазақстанмен ғана шектелмейді. Абайға арналған ескерткіштер, бюсттер және басқа да нысандар әлемнің 20-дан астам елінде орналасқан. Олардың қатарында Ресей, Германия, Франция, Италия, Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан, Бразилия және Орталық Азия мемлекеттері бар.

Рио-де-Жанейро қаласында орнатылған Абай бюсті Солтүстік және Оңтүстік Америка құрлығындағы ойшылға арналған алғашқы нысан саналады.

Абай есімі шетел қалаларында да ұлықталып келеді. Ақын атындағы көшелер кемінде тоғыз қалада бар. Сонымен бірге оның есімі Ыстанбұл мен Қырыққаледе даңғылдар мен алаңдарға, Ереван және Түркияның бірқатар қаласында саябақтарға берілген.

Абай мұрасын танытуға бағытталған мәдени және ағартушылық орталықтар да шетелде жұмыс істейді. 2025 жылы Ош қаласында Абай музейі ашылып, қаланың бір көшесіне ақынның есімі берілді. Қазан қаласында Абай атындағы Қазақ тілі мен мәдениетінің ғылыми-білім беру орталығы, Бішкекте Абай атындағы Қырғыз-қазақ мәдени орталығы, ал Түркияның Конья қаласында Абай үйі ашылған.

Абай күніне орай бүгін еліміздің барлық өңірінде түрлі мәдени және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бағдарлама аясында концерттер, әдеби-сазды және поэзиялық кештер, көрмелер мен ағартушылық жобалар өткізіледі.

Музейлер мен білім беру ұйымдарында да ұлы ақынның шығармашылығы мен рухани мұрасын насихаттауға арналған арнайы іс-шаралар өтуде. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында Абай ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімдері ұйымдастырылады.

Абай мұрасын ұлықтау – ұлы ойшылдың шығармаларын кейінгі ұрпаққа жеткізіп қана қоймай, оның білім, еңбек, адамгершілік және ел бірлігі туралы идеяларын қазіргі қоғамда кеңінен дәріптеуге мүмкіндік береді.

0 пікір