Қазақстанда тамыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Тестілеу 14 тамызға дейін жалғасады. Биыл ҰБТ тапсыруға 30 мыңнан астам өтініш қабылданды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, қатысушылардың 65%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 35%-ы орыс тілінде тапсыруды жоспарлаған. Ал 100-ге жуық талапкер ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыруға ниет білдірді.
Тестілеудің алғашқы күнінде 6,7 мыңнан астам адам сынақ тапсырады.
Тамыз ҰБТ-сына биылғы және бұрынғы жылдардың мектеп пен колледж түлектері қатыса алады. Сондай-ақ тестілеуге Қазақстан азаматтары болып табылмайтын қазақ ұлтының өкілдері – қандастар, шетелде орта білім алған түлектер және жоғары білім беру бағдарламасын өзгертуге ниетті студенттер қатысады.
Сонымен қатар шығармашылық білім беру бағдарламаларынан басқа бағыттарға ауысқысы келетін, сондай-ақ басқа білім беру бағдарламаларынан педагогикалық бағыттарға ауысуды жоспарлаған студенттер де тестілеуге қатыса алады.
Алдыңғы оқу жылында шекті балл жинай алмаған және ақылы негізде жоғары оқу орнына қабылданған азаматтарға да тамыз ҰБТ-сына қатысуға мүмкіндік берілген.
Колледж түлектері де өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнында ақылы негізде білімін жалғастыра алады. Бұл жағдайда талапкерлерді қабылдау әңгімелесу нәтижесі бойынша жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы жүргізіледі.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru